«Әкеміз анамызды күнде ұрғылайды»: Алматы облысында бір отбасының ауыр жағдайы айтылды
Балалар ызалы әкеден жалаңаяқ, жалаңбас қашуға дайын отырады

Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева ауылдардың бірінде зорлықшы әкеден жапа шегіп отырған отбасының жағдайын баяндады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Қарасай ауданындағы ауылдардың бірінде тіркеуде тұрған отбасына бардық. Кешкі уақыт еді, дала қараңғы, ал балалар сыртта жүр. «Анамыз қонатын жер іздеп кетті» деді бізге олар. Кәмелетке толмағандар ісі бойынша инспекция мен көршілерінің айтуынша, мұндай жағдай қысты күндері де болған. Балалар бізге әкесінің күнде шешесінің басынан тоқпақтайтынын айтып берді. Сол үшін сөмкелеріне киім-кешегін салып, үйдің берекесін алатын әкеден кез-келген уақытта қашуға дайын жүреді екен», - деді ол.
Балалар мен олардың анасын қатігез әкенің қорлығынан ешкім құтқармаған. Мектеп әкімшілігі мен полиция үнсіз отырған.
«Анықтағанымыздай, агрессор бұрын жауапкершілікке тартылған, отбасына жақындауға тыйым салынған. Бірақ ер адам оны орындамаған, сол үшін ісі сотқа берілген. Ол әйелі мен балаларына зорлық-зомбылық көрсетуін жалғастыра берген. Оны көріп отырған мектеп басшылығы да, полиция да ешқандай шара қолданбай, қарап отырған. Әйел мен балалардың өміріне күн сайын қауіп төнген. Қатігездік көрсеткен адамның үстінен қылмыстық іс қозғалмаған. Кәмелетке толмағандардың ісі бойынша комиссия ешқандай жиналыс өткізбеген. Мектеп директорының «балаларға психологиялық көмек көрсеттік қой» деп міндетсуі тіпті өрескел болды. Мұндай жағдайда балаларды психологпен сөйлестіріп отырмай, зорлықшы әкеден құтқару керек еді. Директор тіпті анасына «көмегімізді аяқ асты қылды» деп кінә артты», - дейді Зәкиева.
Уәкілдің сөзінше, ауданда қамқоршылық органының екі-ақ маманы жұмыс істейді, балалар саны - 128 мың. Маман жетіспейді, олардың саны 26 болу керек еді. Жалпы облыстың бүкіл ауданында жағдай осындай, қыста қабылданған заңға сай қамқоршылық органның 111 маманы жұмыс істеу керек, ал бүгінде олардың саны бар болғаны 30 адам.