«Заңның аты – заң» - Түркістан облысында қызғалдақ жұлған әйел 12 млн теңге айыппұл төлей ме

Автор: Темірхан Айжан

Ғалымжан Қойгелдиевтің ойынша, біздегі жауапкершілік өзге дамыған елдермен салыстырғанда жұмсақ көрінеді 

Фото: скрин

Бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев Түркістан облысында қызғалдақ жұламын деп миллиондаған айыппұл арқалауы мүмкін әйел туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. 

Бүгін журналистер Сенат қабырғасында ведомство өкілінен «гүл жұлған адамға 12 млн айыппұл салу тым қатал жаза емес пе?» деп сұраған еді.

«Иә, қатал, бірақ заңның аты – заң. Тәртіп бұзса, айыппұл салынады, бұл бәріне белгілі нәрсе», - деді ол.

Ғалымжан Қойгелдиев Еуропа елдері мен Сингапурды Қазақстанмен салыстырып, оларда заңбұзушылық жасағандар айыппұл төлеп қана емес, түрмеге де жабылатынын атай кетті.

«Сингапурға қарайық, бір темекі тұқылын тастаса, ірі айыппұл төлейді. Еуропаның дамыған елдерінда Швеция, Германия, Францияда қылмыстық іске айыппұл да қосылады. Мысалы, 5-7 жылға сотталған адам айыппұлды да қоса төлеуге міндетті. Бізде олай емес», - деді ол.

Еске салсақ, Түркістан облысында дала гүлін жұлып, көлігіне тиеп алып кеткен әйел 12 млн теңге айыппұл төлеуі мүмкін. Өйткені гүлдер – қызыл кітапқа енген Грейг қызғалдағы болып шықты.

Қазір әйелдің үстінен қылмыстық іс қозғалған.