Түркістан облысының полициясы 12 млн теңгенің қызғалдағын жұлып әкеткен әйелді іздеп тапты
Оған қатысты қылмыстық іс қозғалды

Түркістан облысының полициясы Қызыл кітапқа енген қызғалдақтарды жұлған әйелдің кім екенін анықтады. Қазір тергеушілер одан жауап алып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бір құшақ қызғалдақты көлігіне салып әкеткен әйел Шымкент қаласының тұрғыны екен.
«Түркістан облысында полицейлер Ордабасы ауданы Ұялыжар ауылдық округіндегі алқапта Қызыл кітапқа енген қызғалдақтарды жұлған Шымкент қаласының тұрғынын анықтады. Осы жайт бойынша ҚК-нің 339-бабы «Өсiмдiктердің сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған түрлерін жою» бойынша қылмыстық іс қозғалды», - деп мәлімдеді облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Қазір істің мән-жайын анықтау үшін тергеушілер әйелден жауап алып жатыр. Тергеу нәтижесі бойынша заңды шешім қабылданады.
Түркістан облысының полициясы алқаптарға ескерту тақтайшалары орнатылып, түсіндіру жұмыстары жүріп жатқанын атап өтті. Қызыл кітапқа енген өсімдікті жұлғаны үшін заңға сәйкес жауапкершілік қарастырылған.
Бұған дейін Түркістан полициясы 12 млн теңгенің қызғалдағын жұлған әйелді іздеп жатқанын хабарлаған еді. Грейг қызғалдақтарын жұлып, автокөлігіне салып әкеткен әйелдің видеосы әлеуметтік желіде тарады.