Қырғызстан мешіт пен ғибадатхана салуға шектеу енгізбек

Автор: Темірхан Айжан

Жоба қоғамдық талқылауға шықты

Фото: pixabay.com

Қырғызстанның Дін істері жөніндегі мемлекеттік комиссиясы 2021 жылдан бастап ел аумағында бұрын салынған, бірақ тіркелмеген діни объектілерді есепке ала бастаған. Нәтижесінде өз қызметін тіркеусіз жүзеге асыратын 644 объект анықталған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жергілікті ақпарат құралының жазуынша, 2023 жылдың басында 200-ден астам діни нысанның құрылысы жүрген.

«Жергілікті мемлекеттік әкімшіліктер мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарына құрылысты аяқтауға көмек сұраған өтініштер күн сайын келіп түседі. Діни нысандар халықтық қажеттілігіне қарай салынып жатқан жоқ. Бір елдімекенде он шақты діни ғимарат жұмыс істейді, олар бір-біріне жақын орналасқан», - делінген хабарламада.

Министрлер кабинеті діни орындарды жобалау кезінде белгілі бір нормаларды сақтауды ұсынып отыр.

Ауылдарда діни нысандардың бір-бірінен арақашықтығы 2 шақырым, аудандарда 3 шақырым, қалаларда 4 шақырым болуы тиіс.

Бұған дейін, әйелдерге тұмшаланып киінуге тыйым салған қырғыз президентінің жарлығы шыққан еді.