Ол заңсыз жұмыстан 3,5 млрд теңге табыс тапқан
Ұлытау ауданындағы «Шығыс Қаражал» карьерінен лицензиясы мен тиісті құжаттары жоқ күйде кен өндірген азамат 6,8 жылға сотталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. Оның заңсыз жұмысын Қаржы мониторинг агенттігінің Ұлытау облысындағы департаменті анықтаған.
«Күдікті азамат 2020-2023 жылдар аралығында «Шығыс Қаражал» карьерінен заңсыз марганец өндірген. Қазып алған кенінің мөлшері 16 мың тоннадан, сол арқылы мемлекетке келген шығын 1,1 миллиард теңгеден асты», - деп хабарлайды ҚМА агенттігі.
Бұл азаматтың Қазақстан мен Ресей Федерациясына сатқан табысы 3,5 миллиард теңгеден асқан.
«Сот үкімімен ол кінәлі деп танылып, 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Сондай-ақ, оның 97,8 миллион теңгеге бағаланған мүлкі, соның ішінде 5 автокөлік пен ауыл шаруашылығы қожалығы тәркіленді», - деп хабарлайды ҚМА.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.