«Тоқ өшіп, мешіттің күмбезі сынған»: ШҚО әкімдігі алапат дауылдың салдарын көрсетті (ФОТО)
Дауылдан ең көп ғимараты қираған Риддер қаласы болып отыр

Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі өткен аптада облыста соққан қатты дауыл қандай ғимараттарды сындырып, қай аудандарда жарық үзілгенін жазды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Риддер қаласында қаланың инфрақұрылымы едәуір бұзылып, тұрғын үйлерге зиян тиді. Сондай-ақ, тоқ беретін желілер зақымданып, қалада 1237 үйде жарық өшкен. Ағаг құлап, үйлер мен шаруашылықтардың шатыры ұшып кеткен», - деп жазады ШҚО әкімдігі.
Бұдан өзге Ұлан ауданындағы Бозанбай ауылында балабақшаның сырты ұшып кетіп, футбол алаңына зақым келген. Ал, облыс орталығы Өскемен қаласында «Халифа Алтай» атындағы мешіттің күмбезі сынған. Оны жөндеу үшін демеушілер мен кәсіпкерлер көмек бергені хабарланып отыр.
«Өскемен қаласындағы Островский, Прибрежная, Демьян Бедный, Добролюбов, Сәтпаев, Ғ. Аязбаев көшелерінде біраз ағаш құлаған. Жол белгілері құлап, Есенберлин көшесінде бағдаршам істен шықты», - деп хабарлайды ШҚО әкімдігі.