Ұялы телефондардың барлығы бір алып-сатардың үйінен табылған
Алматының Медеу ауданында тұратын 1989 жылғы азаматтың үйінен полиция 211 ұялы телефон тапқан. Полиция телефондарды тексере келе, олардың көбі ұрланған мүлік екенін анықтап отыр, деп жазады Polisia.kz.
«Алматы полиция Департаментінің тергеу басқармасы қылмыстық жолмен алынған мүлікті иемденді деген және сатқан деген 1989 жылы туылған П. есімді ер адам тұратын жерінен ұстады. Оның үйін тінту кезінде қорабы мен құжаты жоқ 211 ұялы телефон тәркіленді. Тәркіленген байланыс құралдарының қылмыстық істерге қатысы бар ма, жоқ па деген мәселе анықталады», - дейді Алматы қалалық Полиция департаменті басшысының орынбасары Берік Әбілбеков.
Полицияның айтуынша, қолға түскен азамат бұған дейін де заңсыз ұялы телефон саудасымен айналысқаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған. «Ол бір рет сотталғанынан сабақ алмаған сияқты. Ал, тәртіп сақшылары тәркіленген телефондарды иелеріне қайтару науқанын бастады», - деп хабарлайды дереккөз.