Көкшетауда полиция бөлімшесінде болған 3 адам көз жұмды
Олар белгісіз зат ішіп уланған
Көкшетаудағы полицияға қарасты уақытша ұстау орнынан ауруханаға жеткізілген 3 адам қайтыс болды, деп хабарлайды «Көкшетау Азия».
Айта кетейік, күні кеше бөлімшенің бір камерасында болған 6 адам ауруханаға ауыр жағдайда жеткізілген болатын. Олардың барлығы да уланып қалған және көбі мұнда жол ережесін бұзғаны үшін қамалған екен.
Таң азанымен олардың бәрінің денелері тырысып, уланудың ауыр белгілері байқала бастаған. Ең бірінші 41 жастағы және 32 жастағы науқастар қайтыс болған. Үшіншісі артынша көз жұмған, оның жасы – 35-те.
«Жансақтау бөлімінде қазір екі адам жатыр. Жағдайлары ауыр. Емдеу шаралары жүргізіліп жатыр. Нақты неден қайтыс болғанын сот-медициналық сараптама көрсетеді», - деді Көкшетау қалалық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Ермек Қисаев.
Қазіргі таңда аталған іс бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Оқиға орнына Ішкі істер министрлігінен арнайы комиссия жеткен. Болжам бойынша, марқұмдар у ішкен немесе есірткі пайдаланған.