«Ол енді оянбайды»: алаяқтар балабақша атынан ата-аналарға адам шошырлық хат жолдаған (ВИДЕО)

Автор: Аягөз Құрмаш

Видеоны жәбір көрген ана жариялаған

Фото: видеодан скриншот

Көкшетауда белгісіз біреулер балабақша тәрбиешісінің телефонын бұзып, ата-аналарға қорқынышты хат жазған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Мен тәрбиешіге ұлымды түскі ұйқыдан кейін алып кететінімді жаздым. Бірақ жауап ретінде  «Сәлім енді оянбайды, оны Милана терезеден итеріп жіберді» деген суық хабарлама келді. Сол сәтте қандай күйде болғанымды сөзбен жеткізу мүмкін емес. Қасымда үлкен ұлым болған. Оны көліктен шығарып жіберіп, айқайлап тәрбиешіге хабарластым», - дейді баланың анасы.

Осылайша, алаяқтар тәрбиешінің атынан басқа ата-аналарға да осындай мазмұндағы хаттар жіберген.

Ақмола облысының полиция департаменті бұл оқиғаға қатысты әлеуметтік желіде жазба қалдырған азаматтан ресми арыз түспегенін хабарлады. Дегенмен жарияланған ақпараттың шынайылығы тексеріліп жатыр, егер расталса, тиісті шаралар қабылданбақ.

«14 наурыз күні Көкшетау қаласындағы балабақша тәрбиешісі WhatsApp мессенджерінің бұзылуы бойынша арыз берген. Бұл арыз полиция басқармасының ақпаратты тіркеу кітабына тіркелді. Қазіргі уақытта аталған факті бойынша тексеру жүргізіліп жатыр», - деп хабарлады полиция департаменті.