Қазақстанда түнде көшеге жалғыз шыққан балалардың ата-аналары 268,6 млн теңге айыппұл төлеуге мәжбүр болған

Автор: Темірхан Айжан

Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті сондай-ақ, ең тәртіпті балалардың қай облыста екенін айтты 

Фото: istock

Полиция түнгі уақытта үйден шығып кететін кәмелетке толмаған жеткіншектердің ата-аналарына 268,6 млн теңге айыппұл салған. Мемлекеттің пайдасына 221,3 млн теңге өндірілген. Бұл соңғы 4 жылдағы айыппұлдан жиналған қаражаттың көлемі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Қазақстан Республикасы «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексінің 442-бабында «Кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде немесе тұрғынжайдан тыс жерде болуы» туралы қарастырылған. 2021 жылдын басынан бастап бүгінгі күнге дейін аталған бап бойынша - 391 138 әкімшілік құқықбұзушылық тіркелді», - деді Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті редакцияның сауалына жауап бере отырып.

Үлкендердің қарауынсыз түнде көше кезіп кететін балалар Түркістан облысында ең көп кездесетін болып шықты. Одан кейінгі орында Алматы қаласы мен облысының жасөспірімдері тұр. Ал ең тәртіпті балалар Ұлытау облысында тұрады екен.

«Ең көп тәртіп бұзушылық Түркістан облысы - 29 567, Алматы қаласы - 29 039, Алматы облыстарында - 28 606, ал ең аз Ұлытау облысы - 2 478,  Жетісу облысы - 10 228, Солтүстік Қазақстан - 10 686 облыстарында тіркелген», - делінген жауапта.