Қарағандыда «Гигант» фитнес-орталығы үш сағат бойы өртенді

Автор: Azattyq Rýhy

Өрт жалмаған аумақ 400 шаршы метрге жеткен

Фото: ашық дереккөзден

Өрт 30 мамыр күні, түскі сағат 15:55-те басталған. Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлерінің арқасында адам шығыны болған жоқ, деп жазады аймақтық ekaraganda.kz сайты.

Қарағанды қаласы, Ермеков көшесінің бойындағы «Гигант» атты фитнес-орталықтан өрт шықты деген ақпарат сағат 15:55-те хабарланған. Өрттің жалпы аумағы 400 шаршы метрді құрады. Алдымен ғимараттың ағаш шатыры, артынша, қабырғалары жана бастаған.

«Қарағанды облысы Төтенше жағдайлар департаментінің 55 өрт сөндірушісі 10 техниканың көмегімен түскі сағат 16:00 шамасында басталған өртті кешкі сағат 18:09-де ауыздықтады. Тағы бір сағаттан кейін, 19:12-де өрт толығымен сөнді», - деп хабарлайды дереккөз.

Фитнес-орталықтың директоры Татьяна Иванченко өрт сөндірушілер мен фитнес-орталық орналасқан ғимараттың әкімшілігіне жедел әрекет еткендері үшін алғыс айтып, өрттің себебін тиісті органдар анықтайды деп мәлім етті.