Олардың бірі аяғын қатты жарақаттап алған
29 мамырда Көкжайлау бағытында келе жатқан куәгер Республикалық жедел-құтқару жасағының кезекші бөліміне «Просвещенец» демалыс үйінің сол жағында, Мохнатка тауында екі адамның қиын жағдайда қалғаны туралы белгі беріп, елдің назарын аудармақшы болғаны туралы хабарлаған. Бұл туралы Төтенше жағдайлар комитеті Республикалық жедел-құтқару жасағының баспасөз қызметі хабарлады.
Жұмыс тобы сол сәтте кинологиялық есептеу арқылы іздестіру-құтқару жұмыстарына кіріскен. Қиын жағдайда қалғандарды шамамен қай жерден іздеуге керектігі белгілі болған. Республикалық жедел-құтқару жасағының мамандары шапшаңдығы мен кәcіби шеберлігінің арқасында зардап шеккендерді тез арада іздеп тапқан.
«Көмекке мұқтаж екі жігіт Батарейка өзенінің бойымен жетуге болатын сарқырамаға бет алған екен. Алайда, өзен шатқалында 2011 жылы қатты дауыл салдарынан құлаған ағаштар саяхаттаушыларға кедергі болып, абайсызда біреуі аяғын қатты жарақаттап алған. Өз бетімен жүре алмайтын күйге түскен. Олардың жанынан өтіп бара жатқан қыз бен жігіт қиындыққа тап болған туристерді байқап, көмек келгенше жанында болған», - деп хабарлайды.
Республикалық жедел-құтқару жасағы оқиға орнына жеткенде, төтенше жағдайға тап болған әлгі төртеу көтерілуі оңай, бірақ қайта түскенде қиындық туғызатын қырға шығып алған. Құтқару жасағы ең алдымен аяғын жарақаттап алған жігітке қол ұшын созып, оны арнайы зембілге салып алып шыққан. Қалған туристерді қауіпсіздік арқанымен түсіріп алған.
Аяғын жарақаттап алған туристі Төтенше жағдайлар департаментінің медициналық орталығы бригадасына тапсырып, қалған үшеуі көлікпен қауіпсіз жерге жеткізілген.