Үйінде 1200-ден астам оқ-дәрі сақтаған шымкенттік ұсталды
Ол 2 жылға бас бостандығынан айрылуы мүмкін
14 мамырда Шымкент қаласы Полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жергілікті тұрғынның «Опель Вектра» маркалы автокөлігінен және үйінен әртүрлі калибрлі 1200-ден астам оқ-дәрі анықтап, тәркіледі.
«Аталған жайт бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 287-бабының 2-бөлігі (қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталған. Осы баптың санкциясы бойынша күдікті тұлғаға 2000 айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, сондай-ақ 600 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады», - деп хабарлайды Polisia.kz сайты.
Күдікті полицияға жеткізіліп, қазір оқиғаның мән-жайын анықтау үшін тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.