«Неге қуып келесің?»: бұрынғы полицей жол ережесін бұзғаны үшін тоқтатқан тәртіп сақшыларын боқтап жіберді (ВИДЕО)

Автор: Темірхан Айжан

Оны жазасыз жібере салған жол патрульдері жұмысынан айырылды 

Фото: скриншот

Қостанай облысында полиция қызметкерлері жол ережесін бұзған жүргізушіге жаза қолданбай, жөніне жібере салғаны үшін жұмыстан қуылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қостанай-Әулиекөл-Сұрған тас жолында Lexus LX600 автокөлігінің жүргізушісі жылдамдықты асырып, өзге жүргізушілердің өміріне қауіп төндірген, онымен қоймай полицияның тоқтатқанына ашуланып, дүрсе қоя берген.

NG басылымының хабарлауынша, оқиға полиция көлігіндегі бейнетіркеушіге жазылған.

«Неге қуып келе жатырсың», «нөмірімді есіңде сақтап ал, түсіндің бе», - деп полицияға шүйліккен жүргізуші өзінің 11 жыл бойы патрульдік қызметте істегенін айтып қалады.

Қостанай облысының полиция департаменті болған оқиғаға байланысты түсініктеме берді.

«Қызметтік тексеріс жүргізіліп жатыр. Тәртіптік комиссияның шешімімен кінәлі жүргізушіні жауапкершіліктен босатқан патрульдік қызметтің екі қызметкері лауазымдарынан босатылды», - делінген хабарламада.

Ал Lexus LX600 автокөлігінің жүргізушісі ҚР ІІМ Қостанай академиясының магистратура бөлімінде оқитын болып шықты.

«Жүргізушіге берілетін қатаң жаза туралы туралы мәселе тексеру қорытындысы байланысты болады», - деді полициядан.