Премьер-министр ірі компанияларға екі апта уақыт берді
Бүгін премьер-министр Олжас Бектенов вице-премьер – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғаринді және қаржы министрі Мәди Такиевті шақырып алып, жұмыс кеңесін өткізді. Кеңесте Бектенов миллиардтап салық төлемей жүрген ірі компанияларды атады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Қаржы министрінің ақпаратынан салық жүктемесін оңтайландырудың әртүрлі схемаларын қолдана отырып, міндетін адал атқармайтын кәсіпкерлердің барын көріп отырмыз. Миллиардтаған айналыммен олар бюджетке өздерінің тапқан пайдасына мүлдем сәйкес келмейтін сомаларды төлейді. Бізде осындай ірі компаниялардың толық тізімі бар. Ол тізімде BI Group, BAZIS және басқа да көптеген ірі құрылыс компаниялары жүр. Экономиканың басқа салаларында жұмыс істейтін белгілі әрі танымал мейрамханалар, фитнес-клубтар және әртүрлі компаниялар бар. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, мен қазір салық жүктемесін оңтайландырудың түрлі схемаларын қолданатын ірі компаниялардың иелері мен басшыларына ескерту айтқым келеді. Бүгін-ертең сіздердің компанияларыңызға салық органдарынан қосымша салық сомаларын төлеу қажеттілігі туралы хабарламалар келіп түседі. Баршадан екі апта ішінде салық органдарына қосымша салық декларацияларын тапсыруды және әділетті салық сомасын төлеуді сұраймын. Егер бұл әрекеттер жасалмаса, онда мемлекет фискалдық және құқық қорғау органдарын қосқанда, мемлекет иелігіндегі барлық ресурстарды қолдану құқығын өзіне қалдырады. Талап қатаң болады, бірақ егер бизнес мемлекет алдындағы міндеттемесін әділетті түрде орындаса, біз диалог құруға дайынбыз», - деді Олжас Бектенов.
Жалпы, үкіметтің сайты жазғандай, қазір елімізде 2,3 млн салық төлеуші тіркелген. Оның 8%-ы немесе 137 мыңы ғана қосымша құн салығын төлеп отыр.