Бизнес-коуч студенттерге кәлимә дұғасын хормен айтқызған: Нархоз университетінде дау шықты
Университет әкімшілігі кешірім сұрады

Алматыдағы Нархоз университетінде студенттерге әндетіп кәлимә дұғасын айтқызған бизнес-тренердің басы дауға қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жеке брендті дамыту тақырыбында лекция өткізуге келген Aika Alemi атты бизнес-коуч аяқ астынан діни музыка қосып, кәлимә дұғасын хормен қайталауды ұсынған. Студенттердің бірі оқиғаны видеоға түсіріп алған.
«Көзілдірігімізді, бас киімімізді шешіп қоямыз, көзімізді жұмамыз, қолымызды тіземізге қойып, «Лә иләһа иллә Алла» деп қайталаймыз. Сіздер жоғары күшпен осылай байланысасыздар», - дейді ол.
Студенттің «Егер мұсылман болмасам ше?» деген сұрағына «мұның дінге қтысы жоқ, жай ғана жаттығу» деп түсіндіреді лектор.
Нархоз университеті Aika Alemi-нің қонақ дəрісіне байланысты түсініктеме беріп, кешірім сұраған.
«Университет бұл іс-шараның кейбір қатысушылар арасында теріс пікір тудырғанына өкініш білдіреді жəне шынайы кешірім сұрайды. Біз студенттердің пікірін жоғары бағалаймыз жəне олардың белсенді азаматтық ұстанымы мен кері байланысы үшін алғысымызды білдіреміз. Университет əкімшілігі жағдайды жан-жақты сараптап, мұндай оқиғалардың қайталануын болдырмау үшін тиісті шараларды қабылдады. Бастапқыда спикердің мəлімделген тақырыбы «Жеке брендті нөлден қалыптастыру» деп көрсетілген еді. Алайда, қонақ дəріс барысында айтылған кейбір пікірлер мен қолданылған əдістер бұл тақырыпқа толық сəйкес келмеді. 2025 жылғы 3 наурызда Гуманитарлық мектептің директоры мен оқытушылары студенттермен арнайы кездесу өткізіп, іс-шараға қатысушылардан ресми түрде кешірім сұрайды. Сонымен қатар, университет қонақ дəрістерін өткізу тəртібіне қосымша өзгерістер енгізуді жоспарлап отыр», - дейді университет әкімшілігі.
Бизнес-тренер кейін өзінің әрекеті үшін студенттерден кешірім сұраған.
«Егер менің кейбір сөздерім, əдістерім немесе əрекеттерім университет қабырғасында орынсыз болып, студенттердің жайлылығына əсер етіп, біреудің сезіміне қаяу түсірген болса, шын жүректен кешірім сұраймын», - деген ол.
Aika Alemi өзінің желідегі парақшасында әртүрлі діннің әндерін тыңдап, медитация жасайтынын жазған.