Алматыда қонаққа барған 2 жасар бала 105 магнит жұтып қойып, ауруханаға түсті

Автор: Бақыт Шынар

Оқиға 20 ақпанда болған екен

Фото: Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасы

Алматы қаласының балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығы 2 жасар балаға операция жасап, ішінен 105 магнит алып шыққан, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қалалық денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне сүйенсек, ата-анасы баланы 20 ақпан күні ауруханаға әкелген.

«Ата-анасының айтуынша, шамамен бір апта бұрын қонаққа барғанда бала меттал магнитпен ойнап отырған. Соның біразын жұтып қоюы мүмкін деген күдік ұялаған соң ата-анасы баланы ауруханаға әкелген. Рентгенография жасаған дәрігерлер баланың ішінен бір уыс металл көрген», - деп хабарлайды басқарма.

Дәрігерлер әуелі бөгде затты эндоскопиялық әдіспен алуға тырысқан, алайда магниттер бір-біріне жабысып, түйіліп қалған соң, бұл мүмкін болмаған.

«Осыған байланысты хирургиялық араласу - лапаротомия және гастротомия жасау туралы шешім қабылданды. Ота барысында баланың асқазанынан 105 магнитті моншақ алынды», - деп хабарлайды басқарманың баспасөз қызметі.