Әйелдің сөзінше, мектеп әкімшілігі ата-аналарға мәселені өзара шешіп алуды ұсынған
Атырауда оқушы өзінің сыныптасын мектеп ғимаратының алдында ұрып тастаған, ал қатарластары оларды камераға түсіріп алған. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі Atpress басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Жәбірленушінің анасының сөзінше, мектеп әкімшілігі бұл оқиғаға байланысты ешқандай шара қолданбаған, жанжалды ата-аналардың өзара шешіп алуын сұраған.
«Менің балам №37 мектепте оқиды. Сабақтан шыққан соң оны сыныптасы ұрып-соққан, оқушылар видеоға түсіріп алған. Ата-аналардың бірі видеожазбаны маған жіберді. Медициналық пунктке бардым, арыз жаздым. Мектеп директорына жолықтым, бірақ ол дым болмағандай «жиналысым бар» деп кетіп қалды. Оқу меңгерушісіне бардым, ол болса «сабақтан тыс уақытта болды, сондықтан өздерің келісіп алыңдар» деді. Видео болмағанда баламның таяқ жегенін дәлелдей де алмайды екенмін. Ешкім кешірім сұрамады. Тек арыз жазған соң, айыппұл төлейтіндерін естігенде ғана барып кешірім сұрады», - деп жазды баланың анасы.
Полиция департаменті осы факті бойынша тексеру жүргізіп, сыныптасын ұрып-соққан баланың ата-анасына қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 127-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырған.