Тағы бір қаржылық пирамида қазақстандықтарды $37 миллионға «лақтырды»
Алданғандардың бірі мүгедек баласының еміне деп жинаған ақшаны пирамидаға салып жіберген

Қазақстандықтар қаржы пирамида иелеріне қанша алданса да, одан сабақ алар емес. Алматыда алаяққа алдандық деген ондаған адам Полиция департаментіне келіп шу шығарды. Олар «Лидер» деп аталатын компанияның басшыларынан миллиондаған ақшасын қайтарып беруді талап еткен.
«Лидерді» құрған адамдар халықтан 37 миллион доллар жинап алған. Олар ақшаның биткойн мен Абу-Дабидегі жол құрылысына инвестицияланып, сол арқылы жұрттың мол пайдаға кенелетінін айтыпты. Бірақ өткен жылдың басында компанияның кеңсесі жабылып, басшысы із суытқан деп хабарлады КТК телеарнасы. Оған қатысты қылмыстық іс қозғалғанымен, аңқау халық тергеудің сағызша созылғанына наразы.
Халықтың сеніміне кіру үшін қаржы пирамидасын құрушылар алғашында уәде еткен пайыздық үстемені салымшыларға беріп отырған. Мұнан кейін адамдар толағай табысқа кенелеміз деп ойласа керек, бірі үйін, бірі көлігін сатып, бар ақшасын «Лидердің» басшыларына санап беріп отырған. Тіпті, мүгедек баласының еміне деп жинаған ақшасын осы пирамидаға салып жіберген тұрғын бар.
Қаржы пирамидасына барлығы 5 мыңнан астам адам ақша құйған. Қаражаттың жалпы сомасы 37 млн доллар. Салымшылардың айтуынша, пирамиданың басында Рустам Тұрғанов есімді азамат тұрған. Ол ақшаның бәрін алып, былтыр Абу-Дабиге қашып кеткен көрінеді. Содан бері одан еш хабар жоқ. Полицияға арызданған алматылықтар істің сағызша созылғанына наразы.
«Тергеу басқармасында қылмыстық іс тергеліп жатыр. Сол қылмыстық істің ішінде күдікті адам анықталды. Күдікті адам халықаралық іздеуге жарияланды. Ұсталған уақытта міндетті түрде абақтыға қамалады. Алданған адамдардан арыз әлі де түсіп жатыр», - дейді Алматы қалалық Полиция департаменті бастығының тергеу жөніндегі орынбасары Рустам Әбдірахманов.
Жұрт енді пайданы қойып, адал еңбектерімен тапқан өз қаржысын қайтарсақ дейді. Ал шетел асқан күдікті ұсталса, кемі 7 жылға сотталуы мүмкін.