Бүгін Қарағанды қаласындағы аудандық сот бұрынғы Премьер-министр Серік Ахметовтің бас бостандығын шектеу жазасынан шартты түрде босату, мемлекеттік қызметпен айналысуға тыйым салу туралы шектеуді алып тастауға байланысты өтінішін қанағаттандырған жоқ
Прокурор Әсем Тергеубекова бұрынғы Үкімет басшысы Серік Ахметовтің өтінішіне қатысты «оның толық түзеліп шыққанын дәлелдейтін қажетті дерек жоқ, өтінішінен толықтай бас тарту керек деп санаймын» деп түсіндірген еді.
Қарағанды қаласында өткен сотқа БАҚ өкілдерінің қатысуына шектеу болған жоқ. Алайда, экс-премьер сот шешімінен кейін бөгелмей, сот залынан шығуға асықты. Журналистер тарапынан қойылған әртүрлі сауалдарға қысқа ғана жауап қайырды.
«Сот шешімі неге бұлай болды?» деген сұраққа «Мен заңға бағынатын адаммын. Сот шешімі осындай. Тиісті құжаттардың барлығы сотта» деп жауап берді. «Бұдан әрі не істейсіз?» деген сұраққа «Көреміз. Сот шешімі қолымызға тисін» деп қысқа қайырды. Ал алдағы жоспарын, немен айналысып жүргенін сұрағанда «Семья. Жұмыстармен айналысып жүрмін» деді. Алайда, нақты немен айналысып жүргенін айтпастан көшеде күтіп тұрған көлікке отырып, кетіп қалды.