Салығын жасырған блогерлерге қатысты тергеу жүре ме - ҚМА өкілі жауап берді
594 блогер 53,3 млрд теңге салығын жасырған

Күні кеше миллиондап, тіпті миллиардтап салық төлемеген блогерлердің тізімі жарияланып кетті. Қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер комитеті камералдық бақылау кезінде 594 блогер 53,3 млрд теңге салығын жасырғанын анықтады. Енді «блогерлерді қылмыстық жауапкершілік күтіп тұр ма» деген сұраққа Қаржылық мониторинг Агенттігі Төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов жауап берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Аталған сомалар қылмыстық іске сәйкес келетін болса және құқық қорғау органдары қорытындысын берсе, біз қылмыстық істі қозғаймыз», - деді ол.
Сонымен бірге, Жеңіс Елемесов аты-жөні мен төлемеген салығының көлемі жазылған тізімді Кіріс комитетінің таратқанын айтты.
Еске салсақ, салық органдары жеке тұлғалардың, соның ішінде блогерлердің салық міндеттемелерін толық орындап-орындамағанын тексерген. Камералдық бақылау кезінде бес жүзден астам блогер табысын азайтып көрсеткені белгілі болды. Оларға салығын төлеп бітуге немесе түсіндіруге 30 күн уақыт берілді.