Ол қазір хал үстінде жатыр
Шымкентте болған жаппай төбелес салдарынан 17 жастағы студент зардап шекті. Оны жабылып тепкілеп, басынан кірпішпен ұрып жарған. Қазір дәрігерлер оның өмірі үшін күресіп жатыр, деп хабарлады «Астана» телеарнасы.
Абзал Өткіровтің туғандары айтқандай, төбелес 22 мамыр күні Маятас шағынауданында болған. Студент өзінің достарымен кездескен. Жолда оларға бір топ жігіт жолығып, ерегіс соңы төбелеске ұласқан. Ондаған жігіт Абзалды ортаға алып, білгендерін істепті.
«Құлағы мен басынан қан ағып тұрды. Саусағында тырнақтары жоқ. Айуандықпен ұрып-соққан. Інім спортпен айналысады, бірақ, 7-8 бала жабылғандықтан қарсы тұруға шамасы келмеген. Барлығы 15 адам болған дейді, бірақ сот санкциясымен тек төртеуі ғана қамауға алынған. Біз оларды түгел ұстап, тергеуге алуды талап етіп отырмыз, барлығы да қамалуы керек», - дейді Абзалдың ағасы Алмас Өткіров.
Дәрігерлер Абзалдың хәл үстінде жатқанын айтты. Туыстары болса дәрігерлердің біліктілігіне күмәнмен қарап отыр, астанадан білікті мамандар келсе дейді. Жәбірленушінің ағасы осындай хатпен Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановқа хат та жазған. Министр жағдайды бақылауға алатынын айтып уәде берген.
«Министрдің тапсырмасымен кешкі алтыға дейін санавиация келеді деді. Оны не алып кетеді, не осы жаққа дәрігерлер жеткізіледі. Консилиум болып, сонда шешіледі. Мұны бізге қалалық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары айтты», - деді ол.
Облыстық балалар ауруханасының дәрігерлері баланы қозғауға болмайтынын айтып отыр. Әрбір әрекетімізді Ұлттық нейрохирургия орталығының мамандарымен ақылдасып істейміз дейді олар. Ал, полиция мен прокуратура істің мән-жайын айтудан бас тартты, төбелескен балалар кәмелет жасына толмағандықтан, сотқа дейінгі тергеу ісі жария етілмейді.