Желіде бойжеткенмен танысып, жалдамалы пәтерге барған Ақтөбе азаматы қиын жағдайға тап болған (ВИДЕО)
Бойжеткен мен оның достары жігіттен 2 млн теңге бопсалаған
![Желіде бойжеткенмен танысып, жалдамалы пәтерге барған Ақтөбе азаматы қиын жағдайға тап болған (ВИДЕО)](https://azattyq-ruhy.kz/cache/imagine/1200/uploads/news/2025/02/11/67ab44f99e35d532542735.jpg)
Ақтөбе қаласының тұрғыны әлеуметтік желі арқылы 19 жастағы бойжеткенмен танысқан. Қыз оны пәтерге шақырған кезде еріп барған жігіт алдын ала жоспарланған қылмыстық схеманың құрбанына айнала жаздаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ақтөбе облысының полиция департаменті хабарлағандай, оқиға 9 ақпан күні болған. Екі жігіт пен бір қыз 25 жастағы әлгі азаматты қорқытып, 2 млн теңге бопсалаған.
Тергеп-тексеру барысында анықталғандай, екі күдікті жігіт бұрын сотталған. 19 жастағы бойжеткен олардың сыбайласы болған.
«Олар алдын ала сөз байласып, схема құрған. Бойжеткен жігітпен әлеуметтік желі арқылы танысып, пәтер жалдап, оны сол жерге шақырған. Кейін пәтерге кіріп келген екі жігіт өздерін полиция өкілдері деп таныстырып, қыздың «кәмелетке толмағанын» және оны еркінен тыс жыныстық қатынасқа тартқаны үшін жігіттен 2 миллион теңге бопсалаған. Ұсталғандар кінәсін мойындады және уақытша ұстау изоляторына қамалды», - деп хабарлайды Ақтөбе облысының полиция департаменті.