Ақтөбелік тұрғынның мотоциклінен киік мүйіздері табылды

Автор: Azattyq Rýhy

Ұсталған азаматтың айтуынша, далада атылған киіктерді тауып, мүйіздерін кесіп алған

фото: polisia.kz

21 мамыр күні Ақтөбе облысы Полиция департаменті қызметкерлері Әйтеке би ауданында Басқұдық ауылының жанында жергілікті тұрғынды ұстады. Түнде ауыл маңынан «Тұлпар» маркалы мотоциклімен өтіп бара жатқан тұрғынды тоқтатып, тексеріс жүргізген. Нәтижесінде, көліктен киіктің алты мүйізі табылып, тәркіленген.

Ұсталған адамның айтуы бойынша, ол киіктерді атпаған, далада атылған киіктерді тауып, мүйіздерін кесіп алған.

«Құнды дериваттар тәркіленді. ҚР Қылмыстық кодексінің 339-бабы (сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған өсімдіктер мен жануарлар түрлерімен, олардың бөлшектерімен немесе дериваттарымен заңсыз қарым-қатынас) бойынша тергеу басталды. Жыл басынан бері Ақтөбе облысында полиция қызметкерлері ақбөкенді заңсыз аулаған екі фактіні, сондай-ақ деривативпен заңсыз айналысқанбес фактіні анықтады. Ақбөкендерді заңсыз аулау, олардың мүйіздерін сату және т. б. фактілерді тіркеу жалғасып жатыр», - делінген хабарламада.