Қосшыда әйел адам Қытайдың арзан тауарын сатамын деп 6 жыл түрмеде отыратын болды
Ол 33 адамды алдап, 67 млн теңге жинап алған

Астана маңындағы Қосшы қаласында әйел адам көршілерінің арасында WhatsApp-чат ашып, Қытайдан арзан тауар әкелемін деген жарнама берген. Оның сөзіне сенген 33 адам 67 млн теңге аударған екен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Астана және Қосшы қалаларының аумағында тұратын әйел адам Қытайдан арзан тауарларды жеткіземін деген сылтаумен 33 азаматтың 67 млн астам қаражатын иемденді. Атап айтқанда, 2023 жылдың қыркүйегінде көпқабатты үйлердің тұрғындары арасында азаматша, WhatsApp мессенджерінде топтар құрып, тауарларды нарықтағы төмен бағамен жарнамалаған. Қаражатты алғаннан кейін ол өз міндеттерін орындамай, алған ақшасын өз қажеттіліктеріне жұмсаған», - деп хабарлайды Ақмола облысының прокуратурасы.
Қосшы қалалық соты осы алаяқтығы үшін әйелді 6 жылға бас бостандығынан айырған. Үкім заңды күшіне енген.