Павлодар тұрғыны Ташкентке мініп барған қымбат көлігі үшін түрмеге түсетін болды
Ол Өзбекстанға апарып сатып жіберген көлігін «ұрлап кетті» деп жалған арыз түсірген

Павлодар облысының тұрғыны былтыр сәуірде 20 млн теңге болатын қымбат көлігін Ташкент азаматына сатып келген. Алайда, төрт ай өте ол полиция басқармасына келіп, «біреу көлігімді ұрлап алды» деген жалған арыз берген, деп жазады Azattyq Rýhy.
Павлодар облысының полиция департаменті хабарлағандай, арыз жазған адам көлігіне мінген жолаушыдан таяқ жегенін, ол оны ұрып-соғып, астындағы көлігін тартып алғанын айтқан. Полиция «тонау» бабы бойынша арыз қабылдап, тергеуді бастап кеткен. Тергеуші көлік туралы ресми ақпарат жинай бастағанда, күдікке тап болған.
«Ер адам арыз жазғаннан кейін тергеушіге қайта-қайта телефон соғып, істі тезірек сотқа жолдауын өтінген. Тергеуші анықтағандайғ жоғалған көлік несиеге алынған және несиесі төленіп бітпеген. Тағы бір анықталғаны, арыз жазған ер адам 2024 жылдың сәуірінде осы көлігімен Ташкент қаласына барып, келерде басқа көлікпен келген. Осы деректер тершеугінің күдігін күшейте түскен», - деп хабарлайды полиция департаменті.
Анықталғандай, арыз жазған ер адам құйтырқы жоспарын іске асыру үшін 2024 жылдың 1 тамызында Астанадан дәл өзінің көлігіндей маркалы көлікті жалға алып, Пввлодардың камераларына түскен. Артынан 102-ге қоңырау соғып, көлігінің ұрланғанын хабарлаған.
«Павлодар облысы полиция департаментінің тершеугісі Өзбекстан еліндегі әріптестерінен ресми мәлімет сұрата отырып, көліктің жаңа иесін тапқан. Анықталғандай, көліктің несиесін төлей алмаған Павлодар азаматы осы фактіні ойдан құрастырып, несиеден құтылып кетпек болған», - деп хабарлайды Павлодар облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.