Ведомство халық емшілігімен айналысатын тұлғаларға қатысты әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын атап өтті
Бас прокуратура «жын шығарумен» айналысатын Кейқуат Оспановтың емшілік қызметіне байланысты өз жауабын берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қосымшаның 5-тармағына сәйкес емшілікті қамтитын «дәстүрлі медицинаны» қоса алғанда, медициналық қызметті лицензиялау көзделген (Кодекстің 132-бабы). Медициналық қызмет көрсету саласындағы мемлекеттік орган медициналық қызметті лицензиялауды жүзеге асырады. Ол уәкілетті орган - Денсаулық сақтау министрлігі», - делінген хабарламада.
Бас прокуратура халық емшілігі саласында медициналық қызметті жүзеге асыратын діни ұйымдарға 2021 жылдан бері ешқандай тексеру жүргізбеген.
Ведомство халық емшілігімен айналысатын тұлғаларға қатысты әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын атап өтті.
«Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 424-бабының 4-бөлігіне сәйкес әкімшілік жауапкершілік (екі және одан да көп адамның қатысуымен, оның ішінде бұқаралық ақпарат құралдарын пайдалана отырып, емшілік сессияларын өткізу), сондай-ақ Қылмыстық кодекстің 322-бабы бойынша қылмыстық жауаптылық (заңсыз медициналық және фармацевтикалық қызмет, сондай-ақ есірткі немесе психотроптық заттарды алуға құқық беретін рецептілерді не өзге де құжаттарды заңсыз беру немесе қолдан жасау) қарастырылған», - деді прокуратурадан.
Бұған дейін, Кейқуат Оспановқа емшілікпен айналысуға рұқсат куәлігін берді деген «Сақтар» рухани халықтық медицина орталығының медициналық қызмет көрсету лицензиясы жоқ болып шыққанын хабарлағанбыз.
Еске салайық, Алматыда емші Кейқуат Оспановқа әйел адам кәмелетке толмаған қызын алып келген. Айтуынша, кішкентай қызы ересек адамның қылығын жасайтын көрінеді. Емші қыз баланың ішіне «жын кірген» деп шешіп, оны шығармақ болған. Баланың қолын байлап, тамағынан қысып, өзінің білетін емін жасаған. Кейін емшінің тағы бір 12 жастағы баланың «жынын шығарып» жатқан видеосы тарады.
Анықтағанымыздай, Кейқуат Оспановтың емші деген сертификаты ғана бар және мешітте имам емес, күзетші болып болып жұмыс істеген. Енді оған әкімшілік жауапкершілік қарастырылып жатыр.