Тараз полициясы мас жүргізушіні трасса бойы қуып, қолға түсірді (ВИДЕО)

Автор: Бақыт Шынар

Ұсталған адам қатты мас екеніне қарамастан Алматыға бет алған

Фото: Жамбыл облысының полиция департаменті

Жамбыл облысының полиция департаменті мас күйінде көлік жүргізіп, тас жолда апатты жағдай туғызған адамды қуып жүріп, қолға түсірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сүйенсек, күдікті түнгі сағат 03:10-кезінде «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» трассасында қауіпті маневр жасаған. Осы әрекеті арқылы көзге түскен күдіктіні полиция тоқтатпақ болған. Алайда, белгіні елемеген жүргізуші трассада жылдамдықты көбейтіп, қаша жөнелген.

«Тараз қаласынан Алматыға бет алған 36 жастағы жүргізуші полициядан жасырынуға тырысып, қашқан. Жолдағы өзге адамдардың өміріне қауіп төндірмеу үшін полицияның екі көлігі жүргізушіні қууға мәжбүр болды», - деп хабарлайды баспасөз қызметі.

Полиция күдіктіні ұстағаннан кейін оны Қордай ауданының полиция бөліміне апарған.