$ 530.12  546.08  5.17
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Қарасайдағы мұғалімнің экс-күйеуі оның инсульт алған әкесін орындыққа байлап, 4 сағат мазақ еткен – депутат

Сұмдық оқиға кеше, 16 қаңтарда болған

Қарасайдағы мұғалімнің экс-күйеуі оның инсульт алған әкесін орындыққа байлап, 4 сағат мазақ еткен – депутат
Фото: istockphoto.com

Алматы облысы Қарасай ауданында тұратын мұғалімнің экс-күйеуі оның үйіне баса-көктеп кіріп, жуырда ғана инсульт алған әкесін 4 сағат бойы орындыққа байлап қойған. Ал әйелдің өзін бірнеше жерден пышақпен тілгілеп жіберген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бұл оқиға туралы Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова баяндап берді. Ол Алматы облысындағы полицияның жұмысын қатты сынап, әйел полицияға барып, экс-күйеуінен талай рет қорған сұраған дейді.  

«Менің бұрынғы әріптесім, яғни, мұғалім адам кеше Қарасай ауданындағы өз үйінде бір жыл бұрын ажырасып кеткен экс-күйеуінен қорлық көрді. Бұрынғы күйеуі үйдің есігін бұзып кірген. Сол сәтте үйде әйелдің қарт әкесі ғана болған. Ол адам жуырда инсульт алған. Күдікті төрт сағат бойы бұрынғы әйелінің әкесін қинап, мазақ етіп, оны орындыққа байлап қойған. Әйел үйге келгенде күдікті оған да тап берген», - деп жазады депутат.

Ирина Смирнованың айтқанына сенсек, күдікті әйелдің бірнеше жерінен тілгіліп кеткен. Оның жанындағы танысының да басын жаралапты. Қарт әкесін ұрып-соғып, ақыры үйден өзі қашып кеткен.

«Мұғалім бірден полиция мен жедел жәрдем шақырған. Бірінші келген жедел жәрдем үсті-басы қан-қан екі адамды полицияға алып барып, дәлізде 1 сағат күттірген. Полиция «ешкім өлген жоқ қой» деп дәлізде тұрған оларға қарамаған. Алматы облысының полициясында түк те өзгермеген», - дейді ашуланған депутат.

Оның айтуынша, полиция сол қалпы оқиға орнына бармаған да. Смирнова күдіктінің бұған дейін де тәртіп бұзғанын әрі ол Түркия азаматы екенін айтып, дабыл қаққан.

«Қазір жұмыссыз жүрген Түркия азаматы, Қазақстанда құрылыста істейді. Осы жолы жазадан құтылса, келесі жолы адам өлтіріп кетпейтініне кім кепіл? Полиция қайда? Тәртіп қайда? Күдікті бірінші рет тәртіп бұзып отырған жоқ. Былтыр қазан айында үйге кіріп келіп, әйелдің жиһаздарын сындырып кеткен. Тоқтарын үзіп, көлігінің дөңгелегін жарып кеткен. Тағы бір рет келіп ыдыс-аяқтың бәрін қиратып, қабырғаларын тесіп кеткен. Осының бәрін полицияға айтқанымен ешкім шара қолданбаған. Зардап шеккен әйел ұзақ уақыттан бері полицияға барып, сот арқылы жанына жолатпау туралы қағаз алғысы келген», - дейді Смирнова.

Алматы облысының полиция басқармасы болса, күдікті ретінде 57 жастағы ер адамды ұстағандарын айтады.

«Алматы облысы полиция департаментінің қызметкерлері 57 жастағы ер адамды ұстап, аудандық полицияға алып барды. Ол бұрынғы әйелі мен оның әкесін ұрып-соққан. Қазір тергеу жүріп жатыр. Оқиға 16 қаңтар күні, бұрынғы ерлі-зайыптылар арасында жанжал туындаған кезде болған», - деп хабарлайды Алматы облысының полиция департаменті.

Серіктес жаңалықтары