Көкшетаудағы ТЖМ академиясының екі курсанты 16 жасқа толмаған қызды зорлаған - олар сотталған жоқ
Зорлықшының бірімен кәмелет жасқа толмаған баланың отбасы татуласқан

Көкшетаудағы Төтенше жағдайлар министрлігінің Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясының екі курсанты кәмелетке толмаған баланы зорлап, жазадан құтылып кеткен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Редакцияның сауалына жауап берген полиция академияның Н.Қ. және С.М. деген екі курсантының 16 жасқа толмаған қызды зорлағынын растады. Осы бойынша 2024 жылы 1 қыркүйекте Көкшетау қаласының полиция басқармасы кәмелетке толмағанға қатысты жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық фактісі бойынша тергеп-тексеруді бастаған. Оларға қатысты ҚК 1-тармағының 120-бабы 3/1- тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілген. Бірақ кейін қылмыстық істің бабы өзгерген. Полиция істің қандай бапқа ауыстырылғанын айтқан жоқ.
Осылайша неге екенін белгісіз, курсант Н.Қ.-ға қатысты қылмыстық қудалау 11 қарашада тоқтаған. Ал екінші күдікті С.М. мен зорлық көрген қыздың отбасы татуласып, 5 желтоқсанда оған қатысты тергеу де жабылып тынады. Ақыр соңында зорлықшылар сотталмаған. Мұндай шешімді прокуратура мақұлдаған.
Жас баланы зорлады деп күдікке ілінген академияның күндізгі оқу факультетінің курсанттарын тек оқудан шығарып жіберген. Ал оқу орнының лауазымды тұлғалары тәртіптік жауапкершілікке тартылған.
«2024ж.05.12 ҚР ҚПК 68-бабы 1-бөлігінің 12-тармағы негізінде тараптардың татуласуына байланысты осы қылмыстық істі тергеу тоқтатылды. Прокуратура қабылданған шешіммен келісті», - деп хабарлады Ақмола облысының полиция департаменті.
Айта кетсек, ҚК 1-тармағының 120-бабы 3/1- тармағы бойынша қылмыс жасаған адам белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, он бес жылдан он жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Сонымен қатар, биыл 15 маусымнан бастап әйелдердің құқығын қорғау және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы заң жұмыс істейді. Бұл заң бойынша кішкентай балаларға жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық жасағандар да өмір бойына түрмеге тоғытылады.
Қылмыстық кодекске жаңа 121-1-бап «Он алты жасқа толмаған адамдарға сексуалдық сипатта тиісу» қосылды. Бұл бап бойынша белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейін айыра отырып немесе онсыз, 200 АЕК дейін түзеу жұмыстарына не 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тартуға, не 50 тәулікке дейін қамауға алу жазасы қарастырылған.