Ол бірнеше ұсыныс айтты
Қыс мезгілінде тұрғын жайлардың жанында 5 минуттан артық көлігін қыздырып тұратын жүргізушілерге айыппұл салу туралы норма 20 жылдан бері бар. Сондықтан мұның айналасындағы болып жатқан дау-дамай технологиялық хайпқа көбірек ұқсайды. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Екатерина Смышляева жазды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Депутат жол қозғалысы туралы Заңның қазіргі редакциясында айтылатын бұл тыйымның түсініксіз тұстары бар дейді.
«Заң шығарушы ретінде саралай отырып, бұл тыйымда кейбір мәселелердің нақтыланбағанан айтқым келеді. Мәселен, «елді мекендерде қозғалтқышы жұмыс істейтін механикалық көлік құралдарының тұрағына, егер бұл тұрғындарға қолайсыздық туғызса, тыйым салынады» делінген. Бұл жерде қолайсыздық тудырды деп кімді немесе нені кінәлай аламыз? Жағымсыз иісі қолқаны қабатын көліктен шығатын газды ма? Әлде түнгі үште елді тәтті ұйқысынан бір-ақ тұрғызатын аңыраған қозғалтқыштың дауысы ма? Болмаса көршімізге көлігіңізді ары алып кетіңіз, тек үйдің жанына қоймаңыз дейміз бе? Елге кедергі келтіріп жатқанын қалай анықтаймыз. Халықтың арыз түсіргенін күтіп отырайық па? Ол арызға қандай талап қойылмақ?» , - деді депутат.
Депутат тіпті тұрғындарға кедергі келтірген көлік жүргізушісіне қалай шағымдану керек екені де белгісіз екенін жеткізді.
Осы ретте Екатерина Смышляева мәселенің бірнеше шешімін ұсынды.
Айтуынша, норманы дұрыс қолдану үшін мыналарды нақтылау керек:
- жауапкершілікке тарту тәртібі (қолайсыздықты тікелей сезінетін тұрғындардан негізделген өтініш болған жағдайда ғана);
- қолайсыздыққа не жатқызуға болатындығын нақтылау;
- шағымның негізділігіне қойылатын талаптарды көздеу.
Екатерина Смышляева осы мәселені шешуге байланысты көпшіліктің ұсыныстарын қабылдауға дайын екенін атап өтті.