Қазақстанда 20 жыл ішінде көлігін 5 минуттан артық қыздырған бірде-бір адамға айыппұл салынбаған
Айыппұл көлемі 19 660 теңгеге тең
Заң бойынша, Қазақстанда қыс мезгілінде көлігін 5 минуттан артық қыздырған адамдарға айыппұл салынуы керек. Бұл норманың қабылданғанына 20 жылдан астам уақыт өтсе де, қоғамда енді резонанс тудырып жатыр. Azattyq Rýhy анықтағандай, 20 жыл бұрын күшіне енсе де бұл бап бойынша бірде-бір адам айыппұл алмаған.
«Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 597 бабының 1 бөлігі бойынша азаматтар әкімшілік жауапкершілікке тартылмаған. Кодекстің 597 бабының 1 бөлігі бойынша бес айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 19 660 теңге көлемінде айыппұл көзделген», - деп хабарлады комитет.
Аталған бап бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс азаматтардың шағымдары келіп түскен кезде және заң бұзу туралы дәлелдер болған кезде ғана қозғалады екен. Сонымен қатар, ішкі істер органдары азаматтарға осы әрекет үшін жаппай айыппұл салуды мақсат етпейміз дейді.