Полицейдің әкесі Тоқаевтың атынан марқұм ұлының марапатын алды
Шалхар Байжомартов былтыр 20 желтоқсан күні мерт болған

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қызмет бабында қаза тапқан Алматы облысы полиция департаменті патрульдік полиция батальонының инспекторы, полицияның аға лейтенанты Шалхар Байжомартовты ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапаттады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Алматы облысының полиция департаменті хабарлағандай, Ішкі істер министрінің орынбасары Айдар Сайтбеков марапатты марқұмның әкесіне табыстаған.
«Шалхар Байжомартов өз өмірін құрбан ете отырып, Отанына адал қызмет еткенін дәлелдеді», – деді Айдар Сайтбеков.
Қайғылы оқиға өткен жылдың 20 желтоқсанында орын алған болатын. Тас жолдағы жол апатын тіркеп тұрған полицейдің басқа бір көліктің жүргізушісі рулге ие бола алмай, екі көліктің арасына қысып тастаған.