$ 524.75  540.6  5.12
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Павлодарда көлікті тұраққа қою тәртібін бұзған 2500-ге жуық жүргізуші айыппұл арқалады

Жаяу жүруге ерінгендер әкімшілік жауапкершілікке тартылды

Павлодарда көлікті тұраққа қою тәртібін бұзған 2500-ге жуық жүргізуші айыппұл арқалады
фото: Polisia.kz

Павлодар облысында өткен жылы көлікті автотұраққа қою талабын бұзған 2500-ге жуық жүргізуші айыппұл арқалады. Тұрғындар белгіленбеген жерге қойылған темір тұлпарлар кедергі келтіретініне жиі шағымданатын көрінеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ақпарат агенттігі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Автокөлікті рұқсат етілмеген орындарға қою – тек жол қозғалысына қатысушыларға ғана емес, шұғыл қызмет көліктерінің еркін қозғалысына да кедергі келтіреді. Мұндай әрекеттер тұрғындардың күнделікті өміріне де айтарлықтай қолайсыздық туғызып отыр.

«Павлодар облысында 2024 жылы көлігін белгіленбеген орынға қойған 2370 жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Мәселен, Торайғыров көшесіндегі дүкен жанына Hyundai автокөлігін қойған жүргізуші басқа көліктердің қозғалысын шектеді. Иса Байзақов көшесінде тротуарға көлігін қалдырған тағы бір жүргізуші аналардың арбамен жүру мүмкіндігін жоққа шығарды. Ал Едіге би көшесінде Lexus автокөлігінің иесі бордюр арқылы тротуарға көлігін қойып, кептеліс тудырды және басқа көліктердің қозғалысын қиындатты. Аталған жағдайларға ашуланған тұрғындар полицияға қоңырау шалып, шағымданған», - делінген ақпаратта.

Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, көлігін рұқсат етілмеген жерге қойған жүргізушілер мұндай әрекеттерін автотұрақтан межелі жерге дейінгі қашықтықтың алыс болуымен және жүруге ерінумен түсіндірген. Олардың барлығына көлік құралдарын тоқтату немесе тұраққа қою ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік айыппұл салынды.

«Полиция тұрғындардан жол қозғалысын қиындататын және шұғыл қызметтерге кедергі келтіретін көліктерді көрген жағдайда 102 нөміріне хабарласуды немесе «Police 102» мобильді қосымшасын қолдануды сұрайды. Сондай-ақ фото немесе бейнематериалдарды dp_pavlodar Instagram парақшасына жіберуге болады. «Заң және тәртіп» қағидатын негізге ала отырып, полиция барша жүргізушілерді жол ережелерін сақтауға және бір-біріне құрметпен қарауға шақырады», - деп жазды Polisia.kz.

 

Серіктес жаңалықтары