Редакция «Сақтар емшілер қауымдастығы» деген қандай ұйым екенін анықтап жатыр
Бүгін біз 9 жасар қыздың ішінен шайтан шығарамын деп әбден қинаған атыраулық емші туралы жазған едік. Күні бойы оның байланыс нөмірлерін іздеген редакция тілшісі ақыры кешке таман Кейқуат Оспановты тауып, мазалаған сұрақтарын қойды. Анықталғандай, ол баланы Алматыға келіп жүрген кезінде қараған екен. Қызды анасы ертіп әкелген, айтуынша, баласы өзге балалардай ойнамайды, керісінше, ересек балалар сияқты үйдің жұмысын істеп, қолғабыс етеді екен. Ең басты сұрағымызға жауап берген Кейқуат Оспанов Алматы қаласындағы «Сақтар емшілер қауымдастығынан» Халық емшісінің лицензия алғанын жария етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Лицензиям бар, бір-екі жыл ішінде алдым. Халық емшісі деп берді. Алматыдағы Байзақов көшесінде орналасқан «Сақтар емшілер қауымдастығынан» алдым», - деді ол редакция тілшісінің сұрағына жауап беріп.
Айтуынша, емші Атырау облысындағы «Иманғали» мешітінде 20 жасынан бастап кезекші молда болған, «Қапан Қажы» мешітінде екі жылдай кезекші имам болып істеген.
«Мен молдамын, тәуіп емеспін», - деді ол.
Кейқуат Оспановқа 9 жасар қызын «ойыншық ойнамайды» деп қорыққан алматылық ана алып келген екен.
«Алматыда болғанымда қарап бердім, видеосын алып қалдық. Анасы қызының видеосын жариялауға рұқсатын берді. Қызының психологиясы өзгерген екен. Үлкен қыздар сияқты жүреді, сөйлейді, бірақ ойыншықпен ойнамайды деді. 19 жастағы қыз сияқты үйдің шаруасын айтқызбай, тиянақты істеп тастайды. Қызының бойынан оғаш қылықтар көрген, бірақ оны айтқысы келмеді, жасырып қалды. Содан біліп қалған. Бала тез дамыған соң қорқасың ғой», - дейді молда.
Сондай-ақ емші алыс-жақын шетелдерге барып, ем жүргізеді.
Еске салсақ, желіге атыраулық Кейқуат Оспанов кішкентай қызды ішінен жын шығару әдісімен емдеген видеосы жария болған еді. Видеода екі ер адам жерде жатқан қыз баланың қолын байлап, тамағынан қысып жатқанын көруге болады.