ҰҚК: Елордада тағы бір есірткі зертханасы жойылды
Тінту барысында 3 келідей «А-PVP» психотроптық заты тәркіленді
17 мамырда ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Нұр-Сұлтан қаласы бойынша департаменті жалға алынған гаражда синтетикалық есірткі жасауды және оны «қойылма» деп аталатын жолмен сатуды ұйымдастырған К. есімді Қазақстан азаматын ұстады.
«Есірткі зертханасын тінту барысында шамамен 500 гр «A-PVP» синтетикалық есірткісі, құтылар, таразы, магнитті араластырғыштар, вакуумды сорғы, электр плитасы, сондай-ақ психотроптық зат қалдықтары бар әртүрлі ыдыстар және 70 литр әртүрлі прекурсор алынды. Одан басқа, психотроптық заттың салмағы шамамен 2,5 кг болатын 5 «қойылма» табылып, алынды», - делінген хабарламада.
Сондай-ақ жалпы тексеру барысында «қара нарықтағы» құны шамамен 60 млн теңгені құрайтын 3 келідей «А-PVP» психотроптық заты алынды.
«К» деген азамат ҚР ҚІК 128-бабы бойынша Нұр-Сұлтан қаласындағы Полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазір сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.