Марқұм баланың ата-анасы дәрігерлерді екі рет шақырған
Ақтауда қатты ауырған кішкентай қызды жедел-жәрдем қызметкерлері ауруханаға алып кетпей, бала әке-шешесінің көзінше қайтыс болған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Фельшерлердің қателігінен қызым көз жұмды деген әке әлеуметтік желіде үндау жолдады. Айтуынша, ауырған балаға бір емес, екі рет келген жедел-жәрдем бригадасы еш ем-шара жасамаған. 15 желтоқсан түскі 14.00 кезінде бүлдіршіннің аяқ астынан дене қызуы көтерілген. Ата-анасы температураны түсіретін ибуфен дәрісін береді. Бала бір ұйықтап тұрған соң, дене қызуы тағы да көріліп, 38-39 градусты көрсетеді. Отбасы жедел-жәрдем шақырады.
«Фельдшерлер қызыма укол да салмады, дәрі де бермеді. Суға түсірді де, «ибуфен бере беріңіз» деді, жолдасымның шырылдап «баланы ауруханаға алып кетіңіздер» дегеніне құлақ астай, жедел-жәрдем қызметкерлері кетіп қалды», - дейді ер адам.
Дәрігерлер кеткен соң, қыздың денесі көгере бастаған. Ата-анасы жедел-жәрдемді қайта шақырғанда, бірінші шақырған бригада қайта келген.
«Олар қызымның көгерген денесін көріп, ауруханаға алып кететін болып шешті. Қызымды киіндіріп жатқанда, денесі қалтырап кетті. Жедел жәрдем дәрігерлері не істерін білмей, видеоқоңырау арқылы басқа дәрігерден кеңес сұрап жатты. Сол кезде көз алдымда қызымның демі үзілді. Ол кезде түнгі сағат 00.00-ден кеткен еді», - дейді марқұм баланың әкесі.
Оның айтуынша, жедел-жәрдем қызметкерлерінің ауырған адамға көмек беретін құрылғылары жоқ, дәрігерлердің өзі абдырап, әріптестеріне видеохабарламамен хабарласып, не істеу керегін сұраған.
Бауыр еті баласынан айырылып, қайғыдан қан жұтқан әке бұл істің жабулы қазан күйінде қалмай, кінәлі адамдар тиісті жазасын алса екен дейді. Бір айдан кейін баланың мәйітіне жасалған экспертиза қорытындысы шығады.