БҚО-да киіктерді қырып келген төрт браконьер ұсталды
Олардың үйінен 434 киік мүйізі тәркіленді
18 мамырда Батыс Қазақстан облысында арнайы «Киік» жедел іздестіру шарасы барысында киік аулаған төрт азамат ұсталды. Бұл туралы Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахмет хабарлады.
«Операция кезінде ресейлік «Ниссан», «Нива Шевроле» көліктерінен киіктің 434 мүйізі, мотоцикл, 5 қару (ішінде оптикамен көздеп ататыны да бар), әртүрлі калибрлі 293 патрон, түнде көре алатын құрылғы, радиостанциялар, GPS навигатор, 7 мобильді телефон мен 2 планшет, ара мен пышақ, тағы басқа заттар табылды», – деп жазды Сәкен Ділдахмет.
Аталмыш факт бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 339-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
15 сәуірден бастап Қазақстанда браконьерлікке қарсы «Киік» атты акция жүргізіліп жатыр. Акция аясында инспекторлар 6 браконьерлік фактіні анықтап, 697 киік мүйізі мен 24 киіктің өлі денесі тәркіленген.