«Е-Лицензиялау» мемлекеттік деректер базасындағы мәліметтерді заңсыз өзгерткендер сотталды

Автор: Azattyq Rýhy

Ұсталған азаматтар 1 жыл мерзімге бас бостандығынан айрылды

фото: ҰҚК баспасөз қызметі

ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті «Е-Лицензиялау» мемлекеттік базасындағы мәліметтерді (Қазақстанның ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымының аса маңызды объектісі) түрлендіру жолымен заңсыз лицензиялар берудің қылмыстық схемасын ұйымдастырғандардың жолын кесті. Бұл туралы ҰҚК баспасөз қызметі хабарлады.

Қылмыстық әрекет белгілерін «Қазақстанның киберқалқаны» жүйесі шеңберінде құрылған «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ жедел ақпараттық қауіпсіздік орталығы тіркеген.

«Жедел-іздестіру іс-шараларының және «Мемлекеттік техникалық қызмет" РМК мен "Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-ның техникалық мамандары бірлесіп жүргізген кешенді компьютерлік-техникалық сараптаманың нәтижелері бойынша «Е-Лицензиялау» мемлекеттік деректер базасындағы мәліметтерді түрлендіруге қатысты күдікті адамдардың кінәсі толық дәлелденді», - делінген хабарламада.

2020 жылғы 10 ақпанда Нұр-Сұлтан қаласы Есіл аудандық сотының шешімімен сотталушылар ҚР ҚК 206-бабы 2-бөлігі 1-тармағы «Ақпаратты құқыққа сыйымсыз жою немесе түрлендіру» бойынша кінәлі деп танылып, 2 (екі) жыл мерзімге Қазақстан Республикасы ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымының объектілерімен байланысты квазимемлекеттік секторларда лауазым иелену құқығынан айырумен әрқайсысы 1 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу түрінде жазаланды.

Үкім заңды күшіне енді.