Бас санитарлық дәрігер ауызашарға барып та вирус жұқтырып алып жатқандардың бар екенін айтты
ҚР мемлекеттік бас санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетова санитарлық ережелерді сақтамау әсерінен жекелеген адамдардың коронавирус инфекциясын жаппай жұқтырып жатқаны туралы айтты.
«Біз карантин аяқталып, бұрынғы өмірге қайтуға болады деп ойлап еркін жүрміз. Профилактикалық шараларды сақтауды қойдық. Өкінішке қарай, көбі коронавирус өте қауіпті екенін ескермейді. Бұл аурудың салдары жаман, әсіресе үлкендерге, ата-әжелерімізге қауіпті. Қонаққа барамыз, үйге адам шақырамыз. Мамандардың кеңесіне қарамастан, ережелерді сақтамай, маска тақпай, қолды жумай кеттік», - деді ол бүгінгі брифингте.
Ол қауіпсіздік шараларын сақтамау салдарынан болған бірнеше оқиғаны мысалға келтірді.
«Қарағандыда коронавирус жұқтырған 1 адамның кесірінен инфекцияның 8 ошағы шықты. Ол адамның ұжымындағы 29 адам, үй ошақтарында 11 адам ауырып қалды. Үшеуі – балалар. Яғни, 1 науқас 40 адамның КВИ-мен ауыруына әсерін тигізді. Түркістан облысында да 1 науқас 8 ауру ошағын тудырып, 20 адамға инфекция жұқтырды. Науқастардың екеуі – 60-тан асқан қарт адамдар», - деді Айжан Есмағамбетова.
Тағы бір мысал, жүк тасымалдаушы жұбайына ауру жұқтырып, ол әйел инфекцияны жұмысындағы 6 әріптесіне таратқан. Ал олар отбасы мүшелеріндегі 14 адамға жұқтырыпты.
Сондай-ақ, елордада бір отбасы түгел коронавируспен ауырып жатыр. Бас санитарлық дәрігер ауызашарға барып, вирус жұқтырып алып жатқандардың да бар екенін айтты.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан