$ 498.55  524.28  4.75
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
20.05.2020, 10:54
Оқиғалар

Қостанай облысында жоғалып кеткен бозбаланың ізі әкімнің ұлының үйіне барып тоқтаған

17 жастағы Русланды полиция 20 күннен бері іздеп жатыр

Қостанай облысында жоғалып кеткен бозбаланың ізі әкімнің ұлының үйіне барып тоқтаған

Қостанай облысы Алтынсарин ауданына қарасты Ілияс Омаров ауылында тұратын Руслан Жуванышевты полиция мен туыстары іздеп жатқанына үш апта болды. Ол соңғы рет ата-анасына 29 сәуірге қараған түні телефон арқылы хабарласқан. Сол күні бозбала ауылдағы достарымен бірге көлге қойып кеткен қармақтарын тексеруге барған деп жазады «Тобол Инфо».

Көл жағасында оларды ауыл әкімінің ұлы Таубек Нұртасов пен тағы 3 жігіт күтіп алған. Ересектер кәуәп пісіріп, алкогольді ішімдік ішіп отырған екен. Кейін екі топ бірігіп ішкен. Дастархан басында ерегіс болып, соңы татуласумен аяқталған.

Русланды іздеп жатқан ерікті Ирина Карпенконың айтуынша, отырыста болған жігіттердің сөздері әртүрлі, кімнің шын, кімнің өтірік айтып тұрғаны әлі белгісіз. Бірақ, ешқайсысы Русланның қайда екенін білмейміз деп отыр. Белгілісі, топтасқан жігіттер кешке көрші ауылға – Русланның ағасы Бақтиярмен «мәселе шешуге» келген екен. Русланды олар көлікке қарап отыр деп тастап кетіпті. Бақтиярмен сөйлесіп, көліктеріне қайта келгенде Русланның болмағанын айтады.

Келесі күні Русланның анасы оның достарына хабарласып, ұлына іздеу салған. Ешкімнің үйінен табылмағандықтан оны үйлердің ауласы мен көшеден іздепті. Бірақ, іздеу жұмыстары нәтиже бермегендіктен, туыстары полицияға хабарласқан.

«Руслан түнгі 00:18-де Иванға телефонмен хабарласып, адасып кеткенін, айналасының бәрі батпақ екенін айтыпты. Кейін жолды тапқанын, бірақ телефонының қуаты таусылғанын айтып үлгерген», - дейді сол күні Русланмен бірге болған досы Рази. Осы әңгімеден кейін бозбаладан хабар жоқ.

Русланның әкесі Данияр Жуванышевты бір сауал мазалайды.

«Неге ауыл әкімі өзінің ұлын жасырып отыр? Ол тіпті, осы ауылдың басшысы ретінде менің баламды іздеуге атсалысқан жоқ. Есесіне өз ұлына адвокат жалдап алды. Егер оның ұлы кінәлі болмаса адвокатты қайтеді?» - дейді ұлына іздеу салған әке.

Таубек Нұртасов – ауылдық округтің әкімі Қошқарбай Нұртасовтың ұлы. Басылымның жазуынша, ол оқиға болған күні әкесінің қызметтік көлігін айдаған. Ал, осыдан біраз уақыт бұрын жергілікті тұрғындардың бірін әбден ұрып, ол үшін ешқандай жазаға тартылмаған екен. Сондай-ақ, Таубектің бұрын полицияда жұмыс істегені де белгілі болды.

«Иә, менің ұлым полиция қатарында болған, бірақ қазір жұмыс істемейді. Дәл қазір біз аудандық полиция бөлімінде отырмыз, бізден куәгер ретінде жауап алып жатыр, бұдан басқа түк айта алмаймын», - деп қысқа қайырды әкім Қошқарбай Нұртасов журналистпен болған әңгіме барысында.

Иіс сезгіш иттер бозбаланың ізін көл жағасынан тауып, Таубек Нұртасовтың үйіне дейін барғанын анықтапты. Одан әрі Русланның ізі жоғалған.

Серіктес жаңалықтары