Қазір оған Дубайдан кетуге тыйым салынған
Дубайдағы танысына «ниндзя» мен «бір тамшы қанның» белгісін телефон хабарламасы арқылы жіберген ирландиялық ер адам бірнеше жылға сотталып кетуі мүмкін. Дубай заңы бойынша, тіпті жақын туыстардың арасында ар-намысқа тиетін, қоқан-лоқы көрсететін хат жазуға болмайды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Dailymail-ге сілтеме жасап.
Стюарт Куини 2022 жылы қаңтар айында досымен бірге Дубайға барған. Сол жерде олар бельгиялық азаматпен танысады. Ол екі жігітке жалға пәтер алып беруге көмектеседі.
Куини БАӘ-де екі ай тұрып, қайтадан еліне кетеді, бірақ Дубайға қайтып келуді жоспарлап, аздаған затын пәтерде тастап кеткен. Бельгиялық сол уақытты пайдаланып Куинидің дүниесін ұрлап кетеді.
«Мен киімдеріме алаңдап отырған жоқпын. Ол заттарымның ішінде маған құнды - әжем мен досымның сыйлығы бар еді. Былтыр маусымда келгенімде оған заттарымды қайтарып бер деп бірнеше рет жазып, өтіндім. Тіпті, полицияға хабарласатынымды айттым. Бірақ ол жауап бермей қойд», - дейді Куини.
Кейін ирландиялық азамат ашуланып, мас күйінде ұрлықшыға «ниндзя» мен «бір тамшы қанның» белгісі бар хат жібереді.
Стюарт Куини 6 қыркүйекте Дубайға қайта келгенде хабарламасы үшін полицияға ұсталады. Қазір оған Дубайдан кетуге тыйым салынған. Ол бірнеше жылға сотталып кетуі мүмкін.
«Дөрекі, ар-намысты қорлайтын, қоқан-лоқы сезілетін мәтіндік хабарламаларға тыйым салатын қатаң заңдардың аясында оны бірнеше жылға соттауы мүмкін. Бұл оған хабарланды. Ондай хатты тіпті жақын адамдарыңызға, достарыңызға мысқылдап, қалжыңдап та жіберуге болмайды», - делінген Detained in Dubai мәлімдемесінде.