Олардың бәрі алаяқ - Шерзат Болаттың әке-шешесі үшін кімдер ақша жинаған

Автор: Темірхан Айжан

Осы күнге дейін осындай 7 дерек кездескен екен

Фото: скриншот

Марқұм Шерзат Болаттың отбасының атынан алаяқтар халықтан ақша жинаған. Бұл туралы адвокат Саида Таукелева айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Шерзаттың отбасы әуел бастан-ақ осы күнге ешкімнен ақша жинаған жоқ. Алаяқтардың хабарландырулары кездесті, біз оларды дереу тергеу органдарына хабарлап отырдық. Осы күнге дейін жәбірленушілердің атынан алаяқтар 7 рет халықтан ақша сұраған», - деді адвокат Airan YouTube арнасына берген эксклюзив сұхбатында. 

Саида Таукелева Шерзат Болаттың отбасының атынан ақша сұрағандар кездессе, сенбеу керек дейді. Шерзаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов болса бұндай алаяқтық схемаға қатысым жоқ дейді.

«Кейбір адамдар менің атымнан ақша жинапты. Менің оған мүлде қатысым жоқ. Сондықтан мен тергеу орындарына осы туралы түсініктеме бердім»,- дейді ол.

Еске сала кетейік, 4 қазанда Талғарда болған төбелес кезінде 16 жастағы Шерзат пышақ жарақатынан қаза тауып, ал екі адам ауыр жарақат алды. Бастапқыда бұл іске байланысты жеті адам қамауға алынды. Кейін 15 қазанда күдіктілер саны онға жетсе, 17 қазанда тағы бір күдікті қамауға алынған еді.