Ұлытау облысында қалыңдығын қуып жүріп өлтірген жігіт өзіне жеңіл жаза сұраған
Сот оны 16 жылға бас бостандығынан айырды
Ұлытау облысы Қаражал қаласында қалыңдығын қуып жүріп өлтірген жігіт оқиға абайсызда болғанын айтып, өзі үшін жеңіл жаза сұраған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Патриот» телеграмм арнасына сілтеме жасай отырып.
Естеріңізге сала кетейік, бұл жігіт марқұм қызға заңды түрде үйленбей тұрып-ақ, оған зорлық-зомбылық көрсеткен. Заңды некеге тұрмаған екі жас Қаражалда өмір сүрген. Марқұм келіншек бір күні көршілерінің үйіне барып, ата-анасынан көмек сұраған. Өйткені, болашақ күйеуі оның ұялы телефонын тартып алған екен.
«Ол қызыма «менен кеткің келсе осы үйден өлігің шығады, ал егер, анаңды шақырсаң, екі мәйіт шығады» деп қорқытқан», - дейді анасы қызының соңғы әңгімесін есіне ала отырып,
Дереккөздің жазуынша, қызының таяқ жегенін естіген ата-анасы ұлдарын ертіп, Қаражалға келген. Қызды көліктеріне салып алып, Қарағандыға кетіп бара жатқанда мас жігіт олардың көлігін тоқтатып, терезелерін сындырған. Қыздың әке-шешесі кері айналып, Қаражалдың полициясына арызданбақ болған.
«Сол сәтте мас жігіт осы кісілер отырған көлікті артынан соға берген. Ақыр соңында көлік аударылып, қалыңдығы – 28 жастағы Арайлым қаза тапқан. Сотта жігіт жол апаты абайсызда болғанын айтып, сотқа «жазамды күшейтпеңізші» деп жалынған. Алайда, сараптама жігіт көлікті әдейі соғып, оны әдейі аударып жібергенін дәлелдеген. Сондықтан, тергеушілер бұл фактіні «жол ережелерін бұзу фактісі» деген баптан «Адам өлтіру» және «Адам өлтіруге оқталу» баптарына ауыстырған», - деп жазады Патриот.