«Маған жаман қарадың»: Қарасайда күйеуі әйелінің басын балғалап, екі қолын сындырып кеткен (ВИДЕО)
Ол тіпті әйелдің баласын мектептен алып кетіп, өлтірмек болған деген ақпарат бар
Алматы маңындағы Қарасай ауданында кеше түнде жан түршігерлік қылмыс болды. Күйеуі әйелінің жұмысына кіріп келіп, оны аяусыз соққыға жыққан, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бұл оқиға туралы құқық қорғаушы Сәуле Бікітеева айтып берді. Ол ауруханаға барып, бір ажалдан аман қалған Индирадан сұхбат алған.
«Бір қолым мына жерден сынған, екінші қолым басынан сынған. Басыма жеті жерден тігіс салды. Жалпы, оқиға былай болған: мен жұмыста отырғанда, күйеуім кіріп келді. Кіріп келген адамға қарайсың ғой, сол сияқты мен де оған қарадым. «Маған неге олай қарайсың» деді. «Енді саған қалай қарайын» деп едім қойнынан балғасын алып шығып, басымнан бір рет қойып қалды. Атып тұрдым да есікке қарай жүгірдім. Жолдан ұстап алып, басымнан балғамен тағы алты рет ұрды. Бар ойым тірі қалу болды. Есікке қарай жүгіре бердім. Есікке жеткенше басымды қауғалап, балғаның соққысынан қаша бердім. Сонда балға бірінші оң қолыма тиді. Қолым бірден жансызданып, істемей қалды. Сол қолыммен есікті ұстай бергенде бір қолымен басымнан ұстап, екінші қолымен мойнымды бұрап алды. Жығып алып, үстіме мінді де ұра берді», - дейді видеодағы Индира деген әйел.
Балғаның соққысы жанына батқан Индира айқалай көмек сұраған. Сол сәтте жұмысының жанындағы дүкен сатушылары жүгіріп келіп, оны арашалап алған екен. Оқиға орнына жедел жәрдем мен полиция келіп, Индираны шұғыл ауруханаға апарған.
«Полиция қызметкері «күйеуіңізді үш күнге қамай ма, алты айға қамай ма, оны сот шешеді. Қолыңыздың сынғаны қылмыстық іске, ал, басыңызды балғамен ұрлғаны әкімшілік жазаға жатады» деді. Менің қорыққаным – күйеуім қамалмай, айыппұлмен құтылып кете ме деп ойлағаным. Өйткені, ол мені ұрып-соққаннан кейін мектептегі баламды алып кетіп, өлтіремін депті. Абырой болғанда, оны апайлары оған бермей қойыпты», - дейді Индира.
Ал, Алматы облысының полиция департаменті хабарлағандай, полиция «денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтіру фактісі» бойынша қылмыстық іс қозғаған.
«Күдікті ұсталды, соттың санкциясымен ол екі ай мерзімге қамалды»,- деп хабарлады полицияның баспасөз қызметі.