Іске прокуратура араласқан соң ұстаздар ақшаларын алғаны белгілі болды
Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданында «Мейірімді періште» атауы бар жекеменшік гимназия жұмыс істеген. Алайда, қаржылық қиындықтар туындағанда, «періште» мектеп 56 мұғалімнің еңбекақысын төлемей қойған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Алматы облысының прокуратурасы хабарлағандай, гимназия банкротқа ұшырап, 56 мұғалімге 40 млн теңге шамасында айлық төлемеген. Алты ай бойы еңбекақы көрмеген ұстаздардың ісіне прокуратура араласып, банкротқа ұшыраған мектеп иесінің жылжымайтын мүлкін сатқан.
«Түскен қаражатқа мұғалімдердің жалақысы төленді», - деп хабарлайды Алматы облысының прокуратурасы.
Ал, редакция анықтағандай, бұл мектеп Еңбекшіқазақ ауданындағы жеті балалы ана, «Алтын алқа» иегері Жазира Отарбаеванікі болған. Көпбалалы кәсіпкер ана туралы жергілікті басылымдар кезінде позитивті мақалалар жазған. Ал, ашық дереккөзден арықтағанымыз, дәл қазір Жазира Отарбаеваның алты компаниясы бар. Оның біреуі – балабақша, ал үшеуі мектеп. Олардың қаржылық жағдайы қандай екені белгісіз.