Павлодарлық полицейлер бір топ интернет-алаяқты ұстады

Автор: Azattyq Rýhy

Алаяқтардың арбауына 10 адам түсіп үлгерген

фото: polisia.kz

12 мамыр күні павлодарлық полиция қызметкерлері арнайы жүргізілген шара барысында интернет арқылы алаяқтық жасады деген күдікпен Павлодар қаласының екі тұрғынын ұстады. Бұл туралы ІІМ баспасөз қызметі хабарлады.

«Олар KOLESA.KZ және OLX веб-сайттарына автомобиль бөлшектерінің арзан бағамен сатылатыны туралы жарнамалар орналастырған. Содан соң тапсырыс қабылдап, банк картасы арқылы тауардың толық сомасын алдын ала төлеуді сұрап, затты курьер арқылы жіберуге уәде береді. Ақшаны алып алған соң курьер нашар жұмыс істейді деген сылтаумен біршама уақыт созып, кейін мобильді телефонды толықтай өшіреді», - делінген хабарламада.

Осылайша, алаяқтардың арбауына 10 адам түсіп үлгерген. Жоқ тауарды сатып алу үшін 40-100 мың теңге аралығында жұмсаған. Күдіктілердің бірі Павлодардағы уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған факт бойынша ҚР ҚК 190-бабымен (алаяқтық – ред.) қаралған сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.