Жақып Асанов желідегі өзі туралы ақпаратты жоққа шығарды
Ол жалған ақпарат таратқандарды сотқа бермейтінін айтты
Сенат төрағасының орынбасары Жақып Асанов Талғардағы ауыр трагедиядан кейін әлеуметтік желіде өзіне қатысты тараған ақпараттың шындыққа жанаспайтынын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бұған дейін, Жақып Асановтың Талғардағы қылмыстық топ мүшесімен туыстық қатынасы бар делінген дерек желдей ескен.
«Оның бәрі өтірік. Мен оларды танымаймын, білмеймін, көрген де емеспін. Оның бәріне сене беруге болмайды. Қоғамды адастыратын осындай ақпараттар тергеу амалдарын жасауға үлкен кедергі жасап отыр», - деді ол.
Жақып Асанов бұл келеңсіздікке байланысты сотқа арызданбайтынын айтты.
«Қазаның жеңілі жоқ дейді ғой, бірақ жап-жас мектептегі баланы бірнеше ересек адам жабылып, әке-шешесінің көзінше өлтіргені өте ауыр жағдай», - деді ол.
Жақып Асанов Талғар қаласында тұратын бірде-бір туысқаны жоғын айтты.
Айта кетсек, Жақып Асанов бұрын бас прокурор, кейін Жоғарғы сот төрағасы лауазымдарын атқарған.
Еске салсақ, 4 қазан күні Талғар қаласында болған қайғылы жағдай қоғамда үлкен резонанс тудырды. 16 жастағы Шерзаттың өліміне қатысты іс Ішкі істер министрінің жеке бақылауында. Кейін марқұмның отбасы тұратын үйді өртеп жіберді.