Ауласында көкнәр өсірген 80 жастағы қария ұсталды
Күдіктінің үстінен қылмыстық іс қозғалды
Түркістан облысының полицейлері 80 жастағы қарияның ауласынан 62 келіге жуық егілген көкнәр өсімдігін тапты, деп хабарлайды ІІМ баспасөз қызметі.
Шардара аудандық полиция бөлімшесіне жергілікті тұрғын ауласында есірткі өсіреді деген хабарлама келіп түседі. Аталған ақпаратты тексеру мақсатында КПБ-нің қызметкерлері 80 жастағы қарт тұрғынның үйінің ауласынан күтіп-баптап, өсірілген есірткіге ұқсас хош иісті 5,5 мыңға жуық түп табылды.
«Айғақты зат ретінде тәркіленіп алынған өсімдік 50 қап болды. Одан бөлек, ауладағы тапшан үстінен мата қалташаға салынған, өзіне тән хош иісі бар айғақты заттар алынды. Аталған жайт сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізіліп, ҚР Қылмыстық кодексінің 296-бабымен (есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен, прекурсорлармен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу) тіркеліп, қылмыстық іс қозғалды. Зерттеу қорытындысына сәйкес, аталмыш төрт соттық жерге егілген өсімдік салмағы 62 келі жуық «Ұйықтататын көкнәр» болып шықты. Ал, тапшан үстінен табылған зат «кептірілген көкнәр сабаны» екені анықталып, жалпы салмағы 45 граммды құрады», - делінген хабарламада.
Күдікті қария қылмысын толық мойындап, өсімдікті жеке басына пайдалану үшін еккендігін көрсетіп, қолхатпен босатылды. Тергеу барысында анықталғандай, күдікті бұрын осы тектес қылмыс жасап, үш жылға сотты болған.