Түркістан облысындағы су тасқыны: тұрғындардың қараусыз қалған үйлерін полиция күзетіп жатыр (ФОТО)
Облыстағы үш ауданда 100-ден астам үйді су шайып кетті
13 мамырда жауған нөсер жауын Түркістан облысының үш ауданында су тасқынын туғызды. Әсіресе, Төлеби ауданының тұрғындары айтарлықтай зардап шеккен. Сонымен қатар, Бәйдібек және Қазығұрт аудандарында да ондаған үйдің ауласына су кіріп, тұрғындары эвакуацияланды.
Облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов хабарлағандай, 13 мамыр күні түнде Төлеби ауданының екі ауылында 77 үйді су басып, олардың тұрғындары мектеп пен колледж ғимараттарына орналастырылған. Ал, эвокуацияланған халықтың қараусыз қалған үйлерін полиция күзетіп жатыр.
«Аудан аумағынадғы нөсер жауыннан жиналған су ағыны тоқтады. Қазіргі уақытта елді мекендерге төніп тұрған қауіп жоқ. Эвакуацияланған тұрғындардың қараусыз қалған тұрғын үйлерін аудандық полиция бөлімі қызметкерлері тарапынан күзету жұмыстары ұйымдастырылды», - деп мәлімдеді Төлеби аудандық әкімдігінің баспасөз қызметі.
Ал, Қазығұрт ауданында үш елдімекенде 36 үйдің ауласын су шайды. Сонымен қатар, емхана, дәріхана және мешітті де су шайып кетті. Жігерген ауылында 4 қора опырылып құлаған. Барлығы 133 адам аудандағы мектептердің біріне эвакуацияланды.
Бәйдібек ауданы Ақбастау ауылдық округіне қарасты Тұрақты елді мекеніндегі жауын-шашын салдарынан Тұтарық каналы 4 жерінен бұзылып, ауылды су басқан. Тұрғындардың дені Ақбастау ауылындағы Ш.Уалиханов атындағы жалпы орта мектебіне эвакуацияланды. Соңғы мәлімет бойынша 2 қора құлаған, ауласына су кірген үйлердің саны нақтылануда. Сонымен қатар, қырдағы сай-салалардан ағып келген сул Боралдай ауылдық округіндегі Қаратас ауылының 6 үйіне, Боралдай ауылындағы Ә.Жұмаділұлы көшесіндегі 6 үйдің ауласына кірген.